Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің ғимараты алдындағы алаңда ағымдағы жылғы 05 мамырда «Отан қорғаушылар» мен «Жеңіс күніне» арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагерлері, Ауғанстан соғысының ардагерлері, ұлттық-мәдени орталығының өкілдері қатысты.
Департамент бастығы полиция полковнигі Қ.Д.Таймерденовтің бастауымен шерулік топ қызмет бабында қаза болған әріптестерімізге орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімін жасады.
- 9 Мамырды атап өту тек дәстүр ғана емес, бұл біздің бостандығымызды қорғағандардың алдында олардың батылдығы мен ерлігіне бас иіп, шынайы ризашылығымызды білдіру. Бүгінгі таңда, әсіресе Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында біздер бейбіт өмірдің құндылығын жақсы сезінуіміз қажет деп білемін. Әкелеріміз бен аталарымыздың қаһармандығы мен ерлік істерін еске алып, жауынгерлік күзетте Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бейбіт өмір мен ел тыныштығын сақтайтын адал ұлдарымызды мақтан тұтамыз. Әскери қызмет әрдайым қасиетті борыш, әрбір азамат үшін адалдықтың, ерлік пен жанқиярлықтың мектебі болды.Бейбіт кезеңде өз өмірін Отанын қорғаудың күрделі мамандығына арнаған және бүгінгі күні еліміздің әскери күші мен қорғаныс қабілетін арттыру жолында қызмет атқаратын барлық азаматтарымызды шын жүректен құттықтаймыз!-деді Маңғыстау облысының ІІД бастығы полиция полковнигі Қанат Таймерденов.
Шара барысында Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал орындап, жұмыста жеткен жетістіктері үшін бірқатар департамент қызметкерлері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Құрмет грамотасымен»,Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Грамотасымен», Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатыме марапатталды. Сондай-ақ, ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет жасаған күзет қызметін бақылау бөлімшесінің бастығы полиция полковнигі Лобян Зограб Седракович пен Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция полковнигі Садуов Оразбай Жомартұлын салтанатты түрде зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өткізілді.
Жиын соңында құттықтау сөз алған Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жариев Нағашыбай ардагерлерді бүгінгі мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бірлік пен тыныштық тіледі.
«Отан қорғаушылар күні» мен «Жеңіс күніне» орай өткізілген салтанатты шара Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасында жалғасын тапты.
Атаулы мереке шарасы Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасының бірінші басшысы милиция полковнигі Н.Қанаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Басқарма қызметкерлері мен мереке қонақтары Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты жиында 8 қызметкер ант қабылдап, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ІІД-нің «Құрмет грамотасымен» 2 қызметкер, «Алғыс хатымен» 2, қызметкер марапатталып, 2 қызметкерге «Алғыс» жарияланды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы